Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

18 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

18 Июня 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 18 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Орнықты Гастрономия күні

2016 жылдың 21 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы өзінің №71 / 246 қарарымен 18 маусымды Орнықты Гастрономия күні деп жариялады. 2017 жылы алғаш рет аталып өтті. Бұл күннің мақсаты - әлемдік қауымдастықтың назарын тұрақты даму мақсаттарына жету үшін тұрақты гастрономияның рөлі туралы, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуды жеделдету, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, халықтың тамақтануын жақсарту, тұрақты азық-түлік өндірісін қамтамасыз ету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2006 жылы Егеменді еліміздің байланыс және хабар таратуға арналған «KazSat» аталатын тұңғыш геостационарлық жер серігі жоспарланған таңғы сағат 4.44-те Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшырылды. Тәуелсіз Қазақстанның ғарыштық державалар қатарына қарай аяқ басқан алғашқы қадамының хабаршысындай болған осы жер серігінің ұшырылу сәтін Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арнайы келіп бақылады. «ҚАЗСАТ» жер серігінің техникалық ресурсы - 12 жыл. Бұл еліміздің ең шалғай аудандары мен ауылдарын телекоммуникациялық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2009 жылы Оралда б.э.д. VІ-ІІ ғасырлардағы археологиялық қазбалар табылды. Табылған тұрмыс тіршілік заттары және әшекей бұйымдарды бағалау үшін Ресейдің және Германияның ғалымдары шақыртылған. Ғалымдар бұл қазбалардың тарихи маңыздылығы зор екенін бағалап, оларды халықаралық тізімге енетінін хабарлады.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі «Ақтөбе» монетасын айналымға шығарды, оның номиналы 50 теңге, диаметрі - 23 мм, массасы- 4,71 грамм, таралымы - 50 мың дана, «Осетр» - номиналы 500 теңге. Монета 925 сынамалы күмістен әзірленді, салмағы - 24 грамм, жұмырлығы 38,61 х 28,81 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы- 5 мың дана.

2012 жылы Қазақстан тумасы, өзбекстандық суретші Леким Ибрагимовтың «Мың періште мен бір сурет» атты мега-суретінің Гиннестің рекордтар кітабына енгізілуіне өтінім берілді. Өтінім «Өнер» бөліміндегі «1000 бөліктен тұратын ең алып картина» деп берілген. Бұл ауқымды жобаны құруға «Мың бір түн» ертегілері түрткі болды. Сурет 1000 бөлек картиналардан тұрады, олардың әрқайсысында періштенің суреті бейнеленген. 528 шаршы метрге созылған картинаның сюжеті аты аңызға айналған шығыс ертегілерінен құралған.

2014 жылы қазақстандық ғалымдар туберкулезге қарсы бұған дейін пайдаланылып келген ұқсас дәрігерге қарағанда анағұрлым тиімді дәрі жасап шығарды. Туберкулезбен ауырғанда бұл препаратпен емдеу тиімділігін де көрсетті.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясы ресми түрде Спорттық жекпе-жектер және спорттың күштік түрлері конфедерациясының құрамына енді.

2017 жылы Астанада алғашқы «Астана» Бүкіләлемдік театр фестивалі ашылды. Ол қазақстандық актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналды. Шараға Еуропа мен Азияның жетекші театрларының өкілдері, белгілі сыншылар, драматургтер, Қазақстан және ТМД елдерінің мәдениет және өнер қайраткерлері, Асанәлі Әшімов өнерімен тереңнен танысқысы келген жас өнер шеберлері қатысты.

2018 жылы Астанада «Ұлы дала» III гуманитарлық форумында танымал ғалымдар түркі әлемінің ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алтын медальдармен марапатталды. Олар: филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясы «Тарих, тіл және әдебиет институты» Уфа ғылыми орталығының жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова; Филология ғылымдарының докторы, чуваш тілінің зерттеушісі, профессор Николай Егоров; Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының Тарих және филология ғылымдары департаменті Түркітану комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак және тарих ғылымдарының докторы, Моңғолиядан келген профессор Чулуун Самбилдонов.

2019 жылы Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында көрсетілетін жаңа міндетті медициналық қызмет көрсету тізімі бекітілді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) - денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе болып табылады. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік кӛмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) - ауру, жарақат алу, туу және жүктілік, мүгедектік және кәрілік жағдайларында халықтың денсаулығыың мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғау нысаны.

2019 жылы Қазақстанның ғылыми қызметкерлері Қазан Федералды университеті кітапханасының қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар бөлімінен Абай жазған 133 жыл бұрынғы «Қарапайым қазақтарға арналған кодекс» бірегей құжатын тапты. «Тұтастай алғанда жинақ Семей болысында 1885 жылы өткен съездің қорытындысы бойынша қабылданған ресми құжаттардан тұрады. Оның толық атауы - «Семипалат областенең Бишдиванның барча халфәнең сайланмыш адәмнәренең 1885-нче елында май аенда яр буендагы Карамалы съездында ясалмыш ираҗәседер». «Кодексті» құрастыруда төбе би ретінде Абай Құнанбаев қатысты. Қазақ тарихшыларының пікірінше, ол қарапайым адамдардың тұрмысын түзеу бағытында бірқатар жаңалықтар енгізген, сондықтан да оған деген құрмет ерекше. Бұны Қазандағы бірегей құжат та дәлелдей түседі», - деп жазады Татар-информ.




Ключевые слова: Күнтізбе,
Наверх