Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

23 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

23 Июня 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 23 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан полициясы күні

1992 жылы 23 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін айқындаған алғашқы құқықтық акт болды. 2007 жылғы 5 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып бекітілді.

Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні

2013 жылы ҚР Президенті «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» Жарлыққа өзгерістер енгізіп, күнтізбеде Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесі пайда болды. Осы күні сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан мен Украинаның мемлекеттік қызметшілері мерекелерін атап өтеді.

Дүниежүзілік ақпарат беруші (информатор) күні

Ақпарат беруші – бұл мекеме немесе ұйым ішінде орын алған немесе болжанған алаяқтық немесе заңсыз әрекеттерді жариялайтын белсенді азамат.

Көптеген қоғамдық ұйымдар ақпарат берушілердің құқықтарын және оларды қорғау мақсатында заңдардың қабылдануын қолдайды. Дүниежүзілік ақпарат берушілер күні сондай ұйымдардың бастамасымен бекітілген.

Халықаралық жесірлер күні

23 маусым Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының № 65/189 қарарымен Халықаралық жесірлер күні деп жарияланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылдан бастап бұл күнді атап өтуді тапсырып, мүше елдерді, БҰҰ жүйесін және басқа ұйымдарды (халықаралық, аймақтық) сәйкес мандаттар аясында жесірлер мен олардың балаларының жағдайына ерекше назар аударуға шақырды.

Халықаралық Олимпиада күні

Бұл мерекені атап өту бастамасын Халықаралық Олимпиада комитеті 1948 жылы Санкт-Морицте (Швейцария) өткен өзінің 42-сессиясы барысында ұсынды. Бұл дата кездейсоқ алынған жоқ, 23 маусым қазіргі Олимпиада қозғалысы құрылған күн ретінде есептеледі. 1894 жылы дәл осы күні Сорбоннада өткен конгресте Пьер де Кубертеннің Олимпиада ойындарын жандандыру бастамасы қолдауға ие болып, Халықаралық Олимпиада комитеті құрылды.

БҰҰ мемлекеттік қызмет күні

2003 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусым күнін Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні деп жария еткен № 57/277 қарарды қабылдады.БҰҰ барлық мүше мемлекеттерді бұл күні мемлекеттік қызметтің қоғамды дамыту процесіне қосатын үлесін мен мәнін танытатын арнайы іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік қызметкерлерді марапаттау рәсімдерін өткізуді, сондай-ақ жастардың мемлекеттік қызметкер мансабы туралы шешім қабылдау бағытында қызығушылығын оятуға шақырды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы ҚР Президентінің өкімімен Алматы шет тілдері педагогикалық институты Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университеті болып қайта құрылды. (Қазіргі «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ).

1995 жылы «Қазпошта» АҚ «Қазақстан сурет өнері» тақырыбында маркалар сериясын шығарды. Маркаларда суретшілер Ә. Қастеев, С. Мәмбеев, Ж. Шарденов, Г. Исмаилова және К. Телжановтың туындылары бейнеленген.

2010 жылы Иорданияның астанасы Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара иордан фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуімен басталды. Амман қаласының мэрі мен Астана қаласының әкімі салтанатты жағдайда Н.Назарбаевтың есімі жазылған тақтайшаның шымылдығын ашты.

2010 жылы Душанбеде тәжік тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» «Панднома» деп аталатын кітап болып басылып шығып, Тәжікстан Журналистері одағында тұсауы кесілді. Бұл – Қазақстан Республикасы Елшілігінің, Тәжікстан журналистер одағының және «Тәжікстан-Қазақстан» достық қоғамының бірлескен жобасы.

2013 жылы Нью-Йорк штатының астанасы Олбани қаласында Түркі халықтары күні мерекеленді. Келушілер назарына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінің дамуы жөнінде ақпарат ұсынылды.

2015 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы Аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық ашылды. Орталықта 40 маманнан құралған дисциплинааралық команда жұмыс істейді.

2015 жылы РФ Астрахан облысындағы Калинино ауылындағы мектепке қазақ ғалымы, академик Ережеп Мәмбетқазиевтің аты берілді. Мұндай шешімге ауыл тұрғындары бірауыздан келген. Химия ғылымдарының докторы, ғұлама ғалым Ережеп Мәмбетқазиев осы ауылдағы мектептің түлегі. Академик Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиев Қазақстанның тұңғыш білім және ғылым министрі, ҚР Жоғарғы кеңесінің 12 шақырылымының депутаты болған.

2016 жылы Мехикода Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы елшілігінің ресми инаугурациясы өтті. Оған қазақ диаспорасының өкілдері, сыртқы саяси ведомство басшылығы, мемлекеттік органдардың, парламенттің, дипломатиялық корпустың өкілдері, Латын Америкасында және Кариб бассейнінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі агенттіктің басшылығы қатысты.

2018 жылы Петропавлда жеке қаражат есебінен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы атақты қазақстандық мүсінші Едіге Рахмадиев. Ескерткіш қоладан жасалған, биіктігі – 270 см. Тұғыры – гранит, биіктігі – 200 см.

2019 жылы «Композитор» қазақстандық-қытайлық фильмінде композитор Бақытжан Байқадамовтың қарындасының рөлін сомдаған қазақстандық актриса Ділназ Нұрсейіт XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік жаңа актер» номинациясында CCTV-6 телеарнасының сыйлығын алды. Тұңғыш рет Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген Композитор» фильмі танымал қытай музыканты Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың берік достығы туралы.

Ключевые слова: Күнтізбе,
Наверх