Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да «Жыр дүлдүлі – Марабай» байқауының жеңімпаздары анықталды

15 Сентября 2021 19:17

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр дүлдүлі – Марабай» атты аймақтық-республикалық жыршылар байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марабай жыраудың есімін асқақтату, республиканың батыс өңірінде кенжелеп қалған жыршылық өнерді жандандыру мақсатында Теректі ауданында өткен сайысқа Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан 6 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқауға белгілі жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнер зерттеушісі Алмас Алматов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Бірінші кезеңде қатысушылар жыр басы мен «Қыз Жібекті», екіншісінде өз қалаулары бойынша жырларды орындады.

Байқау қорытындысында Қызыорда облысынан келген Күнсұлу Түрікпен бас жүлдені жеңіп алды.

Оралдық Сәкен Жанғазиев бірінші, қызылордалық Марат Сүгірбай екінші, ақтөбелік Өмірхан Жетесов үшінші орынға ие болды. Қызылордалық Мәлика Алдамжарова мен батысқазақстандық Еркебұлан Олжағали дипломант атанды.

Жеңімпаз-жүлдегерлер арнайы дипломмен, ақшалай және кәде сыйлықтармен марапатталды.

Мерейтойлық іс-шаралар барысында қонақтар Марабай жырау мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай бірқатар шара өтетінін, Абай жоғары бағалаған Марабай жыраудың кеңінен зерттелуі керек екендігін жазған болатынбыз.




















Наверх