Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада «Бопай ханым» спектаклі қойылады

11 Мая 2021 23:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 14-15 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры «Бопай ханым» тарихи трагедиясын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туынды авторы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

«Бопай ханым – Әбілқайырдың жары, қиын күндерде ел тыныштығы мен бірлігі үшін пенде басындағы қайғыны да, ауыртпалық пен алауыздықты жеңе білген көреген қазақ әйелі. Бопайдың қайраткерлік тұлғасы, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Бопай ханым бейнесін бірінші құрамда театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Лейло Бекназар-Ханинга сомдайды», - делінген театр хабарламасында.

Сонымен бірге, премьера алдында Лейло Ақназарқызының сахна және кинодағы 40 жылдық шығармашылығына арналған «Жұлдызым менің жоғары» кітабының тұсауы кесіледі.

Премьераның екінші күні Бопай рөлінде Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева ойнайды.

Ал Әбілқайыр хан рөлін бірінші құрамда Ержан Нұрымбет, екінші құрамда – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев, Нұрәлі ханды – Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов және Бәзіл Сұлтанғазы, Барақ Сұлтан рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай мен Жанқалдыбек Төленбаев сомдайды.


Автор Айжан Серікжанқызы
Ключевые слова: Мәдениет, Нұр-Сұлтан,
Наверх