Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

28 Ноября 2021 12:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде өткен апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

23 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыру туралы шешім қабылдады.

«Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, партияны ел Президенті басқаруы керектігін атап өтті. Өкілеттікті беру рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асатын болады», - делінген хабарламада.

24 қараша күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Амандық Ғаббасұлы Баталов Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың қатысуымен Алматы облысының әкімдігінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессия өтті. Жиында облыс мәслихаттың депутаттары Амандық Баталовты қызметінен босату жөніндегі шешімге дауыс берді.

Өз кезінде Ерлан Қошанов Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа бұған дейін атқарған жұмыстарына алғыс білдірді.

Амандық Баталов 1952 жылы Өзбек КСР Нүкісте дүниеге келген.

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген.

1981-1985 жылдары - «Алматыөңдеуқұрылыс» тресінің №37 құрылыс-монтаж басқармасында аға прораб, бас инженер, бастық.

1985-1987 жылдары - Қазақстан Компартиясы Ленин аудандық комитетінің нұсқаушысы Құрылыс және өндірістік құрылыс материалдары қызметкерлері кәсіподағы Алматы облыстық комитетінің хатшысы Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы.

1987-1989 жылдары - құрылыс және өнеркәсіптік құрылыс материалдары облыстық комитетінің төрағасы.

1989-1991 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының құрылыс, өнеркәсіп құрылыс материалдары бөлімінде жетекші маман, бас маман.

1991-1992 жылдары - ҚР Президенті аппаратында құрылыс, өнеркәсіптік құрылыс материалдары бөлімінің референті.

1992 жылы - «Құрылыс индустриясы және технология» концернінің вице-президенті.

1992-1994 жылдары - Алматы қаласы Калинин ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары.

1994-1995 жылдары - Ленин аудандық әкімшілігінің әкімі.

1995-2001 жылдары - Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі.

2001-2008 жылдары - Алматы облысы әкімінің орынбасары.

2008 жылдан бері Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2014 жылдың тамыз айынан бер Алматы облысының әкімі болды.

Сол күні Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

«Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымынан босатылсын», - делінген ҚР Президентінің Жарлығы мәтінінде.

Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1993 жылы «Эдем ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экономист болып бастаған.

1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі.

1997 жылы «Алмаз және Компания» компаниясының экономикалық мәселелер жөніндегі директоры, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің өңірлік саясат бөлімінің басшысы.

1997-1998 жылдары «Мұнай тасымалдау жөніндегі «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының жиынтық-қаржылық департаментінің бастығы, экономикалық мәселелер бойынша вице-президенті.

1998-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай және газ департаментінің басшысы.

2000-2001 аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болған.

2001-2007 жылдар аралығында «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті.

2007-2009 жылдар аралығында «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы, «KEGOC» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы.

2009-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі.

2013-2016 жылдар аралығында Павлодар облысының әкімі.

2016-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.

2019 жылдың 18 желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалған.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін біледі.

24 қарашада «KEGOC» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтті. Бақытжан Қажиевтың өз ұсынысымен «KEGOC»АҚ Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

«KEGOC» АҚ Акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен Басқарма төрағасы болып Қаныш Молдабаев үш жыл мерзімге тағайындалды, оның Директорлар кеңесінің төрағасы ретіндегі өкілеттігі де мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал Директорлар кеңесінің төрағасы болып Сүйіншілік Тиесов сайланды.

Сонымен қатар Ернат Бердіғұловты «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі ретінде «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі етіп сайлау туралы шешім қабылданды.

С.А. Тиесов пен Е. К. Бердіғұловтың өкілеттік мерзімі жалпы «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімге белгіленген.

Жұма күні ШҚО Жұмыспен қамту басқармасына жаңа басшы келді.

Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жаңа басшысы болып Альмира Мусинова тағайындалды.

Альмира Әскерханқызы – 1976 жылы 2 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Медведка ауылында дүниеге келген.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «Дүниежүзі тарихы» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Жезқазған қаласының ІІБ жеке күзет батальонының сержанты болып бастады.

2009-2010 жылдары Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы.

2010-2011 жылдары аталған әкімдікте әлеуметтік-саяси жағдайды талдау бөлімінің меңгерушісі.

2011-2013 жылдары аралығында Өскемен қаласы әкімінің әлеуметтік блок бойынша бас инспекторы болды.

2013-2014 жылдары қала әкімінің кеңесшісі.

2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін – Өскемен қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.

2020 жылдың қаңтар айынан осы уақытқа дейін Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып еңбек етті.


Автор Әли Ибраев
Ключевые слова: Тағайындау,
Наверх