Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

23 Января 2022 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

19 қаңтар күні Мемлекет басшысының өкімімен Еркін Ботақанов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Еркін Ботақанов 1966 жылы туған. Үш жоғары әскери білімі бар.

И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери қолбасшылық училищесін, ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясын, РФ Бас штабы Академиясын әскери мамандықтар бойынша тәмамдаған. Қолбасшының орынбасары, Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары - ҚР ІІМ ІӘ Комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

2009 жылдың мамырында Е. Ботақановқа генерал-майор шені берілді.

2014 жылы Еркін Ботақанов «Орталық» аймақтық қолбасшылығының қолбасшысы болып тағайындалды.

19 қаңтарда болған тағы бір тағайындау Руслан Жақсылықов ҚР Қорғаныс министрі атанды.

Руслан Фатихұлы 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысының Қаскелең қаласында қызметшілер отбасында дүниеге келді.

Ұлты – қазақ. I, II дәрежелі «Даңқ» орденімен, Түркия Республикасы Қарулы Күштерінің Орденімен және КСРО, ТМД, Қазақстан Республикасының 40 медалімен наградталған.

Педагогика ғылымдарының кандидаты. Әскери атағы - генерал-лейтенант.

1983 жылы Алматы облысы Қаскелен ауданының Киров атындағы орта мектебін бітіргеннен кейін И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіне командалық тактикалық басшылық мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1987 жылы бітірді.

1996 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын командалық-штабтық жедел-тактикалық әскери барлау мамандығы бойынша тәмамдады.

2004 жылы Ресей Федерациясы ҚК Бас штабы Әскери академиясында мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мамандығы бойынша Жоғары академиялық курстарын аяқтады.

2003 жылы Шымкент қаласының мәслихаты 3-ші шақырылымының депутаты болып сайланды.

1987 және 2006 жылдар аралығында взвод командирінен бастап құрама командиріне дейінгі әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

2006 және 2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының орынбасары.

2007 және 2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас штабының бастығы.

2008 жылғы 4 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы.

2013 жылғы 22 қантардан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы.

2014 жылғы 24 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланынының Бас қолбасшысы.

2021 жылғы 29 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Қорғаныс министрі.

19 қаңтар күні белгілі журналист Жанжігіт Омархан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды

Бұған дейін Жанжігіт Омархан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде БАҚ-пен жұмыс жөніндегі құрылымдарды басқарған болатын.

Жанжігіт Омархан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Журналистика» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.

Сондай-ақ, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы «Астана» телеарнасында бастап, журналист-редактор және бағдарламалар жүргізушісі болып жұмыс істеді.

2011-2015 жылдар аралығында «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы мен «Еуразия - Бірінші арнасында» бағдарламалар мен ток-шоулар жүргізді.

2016 жылы – «Астана» телеарнасының «Өзекті» авторлық бағдарламасының жетекшісі және жүргізушісі.

2018-2019 жылдары – Жамбыл облысының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі.

2019 жылдан 2021 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы қызметiн атқарды.

20 қаңтарда Мирболат Аюпов «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Мирболат Хайратұлы Аюпов 1963 жылы 26 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген.

Мәскеу инженерлік-физика институтының кибернетика факультетін бітірген.

1986 жылдары Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде ғылыми және оқытушылық қызметтер атқарды.

1998 жылдары «Алтел» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ компанияларында басшылық лауазымда болды. Әр жылдары «Транстелеком» АҚ, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС-ін басқарды.

Байланыс және телекоммуникация, сондай-ақ, телевизия технологиялары саласында 20 жылдан астам басшылық қызметтерді атқарып келді.

«Құрмет» орденінің, Қазақстан Республикасындағы басқа да бірқатар медальдар иегері, «Құрметті байланысшы» деген атағы бар.

«Қазтелерадио» АҚ басты мақсаты – халыққа телерадио хабарларын таратудың түрлі желілерінде мемлекеттік бағдарламаларды тегін қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бұл ретте бірінші кезектегі міндеттер цифрлық эфир телехабарын таратуды енгізу, жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісін, мемлекеттік хабар тарату желілерін дамыту, интернет-хабар таратуды кеңейту және мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізуді қамтамасыз ету болып отыр.

Бейсенбіде Берік Беркімбаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Берік Серікұлы Беркімбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Одан бөлек 20 қаңтар күні Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының жаңа директоры болып Дана Бекбауова тағайындалды.

Дана Бекбауова 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Қаржы және несие. Банк ісін ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірген.

2002-2022 жылдары «Ақтөбе әйнек» ЖШС директор орынбасары, «Ақтөбе қаласындағы жылжымайтын мүлік орталығы» РМК, Ақтөбе қаласындағы «АТФ Банк» АҚ, Ақтөбе қаласындағы «Каспий банкі» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ АФ жұмыс істеді.

2011-2019 жылдар аралығында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалын басқарды. ӨКП директоры болып тағайындалғанға дейін «Рамазан» ЖШС бас директорының орынбасары болды.


Автор Әли Ибраев
Ключевые слова: Шенеунік, Мемлекеттік қызметші, Тағайындау,
Наверх