Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық «Мерген» фильмі Канадада өтетін фестивальге қатысады

26 Июля 2021 19:34

НҰР-СҰЛТАН. Режиссер-дебютант Райымбек Әлжановтың «Мерген» атты қысқаметражды фильмі жанрлық киноларға арналған әлемдегі беделді фестивальдердің бірі – халықаралық Fantasia кинофестиваліне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған кино байқауы 2-25 тамыз аралығында Канадада өтеді. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.

«Мерген» фильмінің алғашқы көрсетілімі Fantasia кинофестивалі шеңберінде өтетініне өте қуанышытымыз. Монтаждау жұмыстары аяқтала салысымен фильмді осы байқауға жібердік. Осы орайда маған қолдау білдіріп, фильмнің шығуына атсалысқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіргім келеді, - деді режиссер Райымбек Әлжанов.

Фильмнің оқиғасы XVII ғасырдағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді.

Аталған фильмде жас та болса, қолына қару алып, отбасын қоғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады.

Фильмдегі басты рөлді Әлихан Әби сомдайды. Сондай-ақ бұл картинаға Райхан Айтқожанова және Дулыға Ақмолда сынды танымал актерлер түскен.

Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысындағы Түрген шатқалында және «Қазақфильм» павильондарында жүргізілді.

Осымен 25-ші рет өткізіліп жатқан Fantasia халықаралық кинофестивалі - әлемдегі жанрлық фильмдерге арналған бірден бір байқау.

Аталған кинофестиваль шеңберінде Квентин Тарантино түсірген «Бесславные ублюдки», Тимур Бекмамбетовтың «Ночной дозор», сондай-ақ «Пункт назначения» франшизасының бір бөлімінің тұсауы кесілген болатын.

Айта кетсек, фестивальдің Radical Spirit атты қысқаметражды фильмдерге арналған байқауына қазақстандық кинотуындымен бірге Ұлыбритания, Мексика, Австралия, АҚШ, Қытай және Оңтүстік Корея туындылары қатысады.


Ключевые слова: Өнер, Мәдениет,
Наверх