Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын шыңжаңдық бес спортшының екеуі қазақ - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

16 Января 2022 11:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы алтын медалі қай жобада беріледі? – «Халық газеті»




Қар жобасының негізгі тармағы ретінде шаңғы жарысы «қардағы атлетика» деп де аталады. Аталмыш жобаға Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары кезінде 12 алтын медаль бөлінген. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындары кестесінің соңғы нұсқасына сәйкес, бірінші және соңғы алтын медальдар шаңғы жарысына беріледі. Бұл шаңғы жарысының қысқы Олимпиада сахнасындағы орны ерекше екенін көрсетеді, деп хабарлайды people.cn.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Бейжің қысқы Олимпиадасының шаңғы жарысында жалпы 12 шағын жарыс өтеді: 6 ерлер және 6 әйелдер жарысы. Осы жолғы қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысы үшін жалпы 296 орын бар. Ер-әйелдер саны жеке алғанда 148-ден. Әрбір команда ең көбі 8 әйел, 8 ер, жалпы 16 спортшы жібере алады.

«Шаңғы жарысы Солтүстік Еуропадан шыққан және ол 1924 жылы алғашқы қысқы Олимпиада ойындарына енген болатын. Ұзақ уақыттан бері Норвегия қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысының серкесі болып келді. Алайда Швеция, Финляндия, Швейцария, АҚШ, Ресей, Италия сияқты Еуропа мен Америка елдерінің шаңғы жарысының әлеуеті де қалыса қоймайды», деп түйіндейді «Халық газеті».

Қазақстан елшілігі елдегі жағдайға байланысты брифинг өткізді - «ӨзА»




Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігі Қазақстандағы болған жағдайларға байланысты брифинг өткізді, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, бұл брифингке Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды қатысып, журналистерге Қазақстандағы болып жатқан жағдайды шетелдік БАҚ-тарда жарияланған кейбір жалған ақпаратқа сеніп қалмай ресми мәліметтерге назар аударуға шақырып, бүгінгі ахуал туралы ақпарат берген.

Сондай-ақ, жаңалықтарды бақылай отырып, кейбір шетелдік БАҚ Қазақстандағы болып жатқан жағдайды бір жақты жариялап отыр. ҰҚШҰ күштерін қолдану және биліктің болып жатқан оқиғаларға реакциясы туралы қате түсінік бар екені айтылды.

«Болған оқиғалар жан-жақты сипатта болды. Таза экономикалық талаптардан басталған наразылық акцияларын террористік топтар елдің конституциялық құрылысына нұқсан келтіру үшін пайдаланды...», деп жазды өзбекстандық БАҚ.

Халық әні қанат бітірген қазақ жігіті - «Халық газеті»




Қытайдың Іле аймағы, Текес ауданында тұратын бақташы қазақ жігіті Ізбасар Бейсенжанұлы үнемі тау бөктерін әнмен жаңғыртып жүреді. Ол қазақтың халық әндерін ұнатады, бала кезінен әнге құмартып өскен. Ізбасардың бүкіл өмірі әнмен тербеліп тұратын сияқты, деп хабарлайды kaz.people.cn ақпараттық порталы.







«Ол далада итін ерте жүріп те, үйде баласын әлдилеп отырып та, жарының істеген тамағының оттан түсуін күтіп отырып та әуелетіп ән салумен болады. «Ән - менің өмірімнің бір бөлшегі»,- дейді Ізбасар. Ақжарқын жігіттің ғұмырының мәні де, сәні де әуенмен өрнектеліп жатқандай», деп жазады «Халық газеті».

​«Қазақстан мен Шыңжаңның барыс-келісі зор ықпалға ұшырамады» - CNR




Бұл аптада қытайлық БАҚ-та осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

«Соңғы кездері Қазақстандағы жағдай әлемдегі әр елдің назарын аударып отыр. Қазақстандағы жағдай Шыңжаңға әсер етті ме?», деген сұраққа 13 қаңтарда Бейжіңде өткен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Шыңжаңға қатысты мәселелер туралы баспасөз мәслихатында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі халық үкіметінің баспасөз хатшысы Илижан Анаят жауап берді.

«Қазақстандағы ауқымды тәртіпсіздіктерді байқаған соң, аталған елдегі жағдай тез бақылауға алынғанын және Қазақстан мен Шыңжаң аймағы арасындағы қарым-қатынасқа күрделі әсер етпегенін байқадық. Қытай мен Қазақстан дос көрші ел. Аталған ел мәңгілік стратегиялық серіктесіміз. Сондықтан біз Қазақстандағы жағдайдың тұрақталғанын күтеміз және экономикалық-сауда ынтымақтастығы мен кадр алмасу үшін қолайлы жағдай жасаймыз», деді Илижан Анаят.

Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі жалпы кеңесі Қазақстанға қолдау беру үндеуін жариялады - TRT




Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі жалпы кеңесі Қазақстандағы күш қолдану ереуілдеріне байланысты мәлімдемені қабылдады. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасы Мұстафа Шентоп пен Әділет және даму партиясы, Республика халық партиясы, Ұлтшыл қозғалыс партиясы мен Жақсы партия тарапынан Қазақстанға қолдау беру үндеуі жарияланды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі жалпы Кеңесінде оқылған ортақ мәлімдемеде бауырлас Қазақстанда соңғы кезде болған оқиғалардың алаңдатқаны айтылды.

Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығы Түркияның бейбітшілік пен тыныштығындай маңызды екені айтылған мәлімдемеде.

«Қазақстан халқының парасаттылығы мен басшылықтың қырағылығы арқасында оқиғалардың тынышталып, елдегі жағдайдың қалыпқа түсе бастағанына риза болдық. Оқиғаларда қаза тапқан қазақ бауырларымызға Алладан иман, қайғылы жақындарына сабыр, жаралыларға шипа тілейміз. Адамдардың өміріне қауіп төндірген, мемлекеттік тәртіпті бұзған және мал-мүлікті зақымдаған күш қолданушыларды айыптаймыз. Қазақстан әкімшілігінің халықтың амандығы мен байлығын арттыруға бағытталған реформа күн тәртібін қолдаймыз. Мәжілісіміз 2016 жылы 15 шілдеде Фетуллахшы террор ұйымының опасыз төңкеріс талпынысы кезінде Қазақстан ұйымдары көрсеткен ұйымшылдық ұмытылмайды. Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бері Қазақстанның қасында болған Түркия бұдан былай да Қазақстан мен жалпы аймақ үшін маңызды болған бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген қолдауын барлық салада жалғастырады», деген мәлімдеме жазған Ұлы ұлттық мәжілісі жалпы кеңесі.

«Қазақстандағы тыныштық Иран үшін аса маңызды» - Parstoday




Иран мен Қазақстан парламентаралық достық тобының басшысы аймақтағы кез келген текетіресті айыптап: «Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық Иран үшін аса маңызды»,-деді, деп хабарлайды ирандық Parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Ғұламреза Нури Қезелче жексенбі күні тілшілерге берген сұхбатында Орталық Азиядағы тұрақсыздық пен тынышсыздықтың лаңкестік топтардың белсендігіне жағдай жасап жатқанын айтады.

Иран мен Қазақстан парламентаралық достық тобының басшысы Қазақстандағы қазіргі жағдай туралы өз пікірін білдірген.

«Қазақстан үкіметі мен халқы тынышсыздық пен тұрақсыздық салдарынан осындай тәкфірлік ағымдардың белсенділігіне жағдай тудырып алмаулары керек... Қазақстан үкіметі мен халқы маңызды оқиғаларда Иран халқымен бірге болды. Бұл елдегі тыныштық пен тұрақтылық Иран үшін маңызды да құнды және екі жақтың қарым-қатынасына әсерлі. Сол себепті Иран бұл елде әрдайым тыныштық болуын қолдайды», деген Иран мен Қазақстан парламентаралық достық тобының басшысы Ғұламреза Нури Қезелче.

Моңғолиялық қазақ мал дәрігері мемлекеттік марапатқа ие болды - Kaznews




Алдымен айта кеткен жөн, осы аптада моңғолиялық kaznews.mn ақпараттық порталында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 7 қаңтар күнгі Қазақстан халқына үндеуі және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі туралы мәлімдемесі жарияланды. ҚР СІМ-ның бұл мәлімдемесі қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған. Сондай-ақ, апта соңында осы БАҚ-та «Сейітмұрат Жапарханұлы «Еңбек сіңірген мал дәрігері» атағымен марапатталды» деген ақпарат жарық көрген болатын.

Ғұн империясына 2231 жыл, Ұлы Моңғол мемлекетіне 816 жыл, Ұлт азаттық қозғалысына 111 жыл, Моңғол Халық революциясының төңкерісіне 101 жыл, демократиялық жаңа «Негізгі заң» бекітілгеніне 30 жыл толуына орай Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медаль табыстады, деп жазады kaznews.mn.

Осы шараларға сәйкес, Баян-Өлгий аймағының Бугат сұмынынан 1990 жылғы Халық Ұлы Құрылтайына сайланып, Моңғолияның демократиялық жаңа «Негізгі заңын» бекітуге атсалысқан Сейітмұрат Жапарханұлына «Моңғолияның Еңбек сіңірген мал дәрігері» атағы берілді.

Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын шыңжаңдық бес спортшының екеуі қазақ – CNR







Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына Шыңжаңның бес спортшысы қатысады, деп хабарлайдың Қытайдың «Орталық халық радиосы» .

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысып бақ сынайтын шыңжаңдық бес спортшының екеуі қазақ екен. Олар - Баян Жалынқызы мен Қанағат Мұқаметұлы.

Айта кетейік, қандасымыз Баян Жалынқызы (шаңғы жарысы) 1999 жылы 17 желтоқсанда Алтайдың Жеменей ауданында дүниеге келген. 2017 жылы Қытай Халық Республикасының Спорт Бас басқармасы таңдаған шекаралық шаңғышы атанды және спортпен айналыса бастады. Ол енді Бейжің қаласында өтетін 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спортынан өнер көрсетеді. Баян 2018 жылдан бастап Норвегия елінде 3 жыл бойы тау шаңғысы спорты бойынша дайындалып, біліктілігін шыңдаған. Төрт жылдың ішінде Б. Жалынқызы ұлттық құраманың әйелдер эстафеталық командасына нөлдік негізден бастап кірді.




Ал Қанағат Мұқаметұлы (конькимен жүгіру) есімді қандасымыз 1999 жылы Алтай қаласында туған. 2013 жылы ол Шыңжаң өлкелік спорт академиясына қабылданып, шорт-тректен жаттығуды бастады. 2019 жылы конькимен жүгіруден орта және ұзақ қашықтыққа ұлттық құрама санатына еніп, әлем чемпионатында алғаш рет өз елінің атынан шығып, ерлер арасындағы командалық жарыста сегізінші орынды жеңіп алды. 2021 жылдың қыркүйек айынан қазан айына дейін Шыңжаңда өткен екі әлем чемпионатында 4 бірінші орынға қол жеткізіп, ұлттық рекордты жаңартты.




Тянь Руининг есімді мұзда тез сырғанау шебері (әйел, ұлты қытай) 1997 жылы 17 қаңтарда Қарамай қаласында дүниеге келген. Ол ұлттықтан Азия чемпионатына дейін түрлі жарыстарға қатысқан.

Тағы бір спортшы Дылнигар Ілһамжан (әйел, ұлты ұйғыр), далалық қар шаңғы шебері 2001 жылы 3 мамырда Алтай қаласында дүниеге келген. Шаңғы жарысы бойынша ұлттық құраманың мүшесі.

Алмас Қағанбай (конькимен жүгіру) есімді спортшы (ұлты қырғыз) 1997 жылы 14 қарашада Тарбағатайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген.





Автор Бейсен Сұлтан
Ключевые слова: БАҚ, Қоғам,
Наверх