Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

МӘМС аясында 121 мың астаналық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды

19 Мая 2022 19:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 4 млрд 370 млн теңгеге тегін берілетін дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 1 мамырдағы жағдайға сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында 4 млрд 370 млн теңгеге (306 211 рецепт бойынша) 121 886 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде МӘМС жүйесі аясында респираторлық инфекциямен жоғары тыныс алу аурулары бойынша 683 бала және төменгі тыныс жолдарының аурулары бойынша 2182 бала. Сонымен қоса теміржетіспеушілігі анемиясымен 290 бала, рахит ауруы 324, пневмония 598, синуситпен, бадамша безі (миндалин) және аденоид ауруларымен 158 бала тегін дәрімен қамтылды», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасы арқылы өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, емханаларда МӘМС жүйесі аясында тегін берілетін барлық препарат қолжетімді.

«Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өскен. Сонымен қатар биыл ота жасау көрсеткіші 16,5%-ға өсті. Сол сияқты жоғары технологиялық медициналық көмек қолданысы арқылы МӘМС аясында 4,4 млрд теңге сомасына қосымша 1 549 қызмет көрсетілді. Кардиохирургиялық ота 565 пациентке жасалса, нейрохирургиялық ота (нейронавигациялық жүйе қолданылған) – 71 адамға және 70 пациентке ортопедиялық ота жасалды», - дейді ол.


Наверх