Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстауда аудан әкімдігінің қызметкері басшыларын иіссумен «сатып алмақ» болған - ВИДЕО

18 Июня 2021 15:03

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудың Мұнайлы ауданындағы әкімдіктің бөлім басшысы басшыларын иіссумен «сатып алмақшы» болғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Қазір осыған байланысты видеода аты аталған облыстық басқарманың екі қызметкері арыз жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, видеода Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қуанышбектің әріптестерімен әңгімесі жазылған. Ал сол видеода аттары аталған облыстық басқарманың екі басшысы «бұл видеожазба сыбайлас жемқорлыққа шақырады» деп құзырлы орынға арыз-шағым түсірді.

«Бөлім қызметкерлері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды елемей, басшыларының әңгімесін тыңдап отырған. Бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Ал мемлекеттік қызметші Б.Қуанышбектің әңгімесі тіпті әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді. Осының бәрін ескере отырып, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Ж.Тоқбаева мен инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы В. Мұстапаева уәкілетті органдардан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің этикалық нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Кодекске сүйене отырып, Б. Қуанышбекке қатысты қатаң шара қабылдауды сұрайды. Сонымен қатар, олар мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін видеодағы бөлім қызметкерлеріне де қатаң шара қолдануды талап етеді», - делінген облыстық әкімдік таратқан баспасөз релизінде.

Арызда, сондай-ақ, әлеуметтік желіде моральдық залал келтіргені үшін айыппұл салу және ресми кешірім сұрау қажеттігі айтылған. Қазіргі уақытта бөлім басшысының міндетін атқарушы Б.Қуанышбекке қатысты қызметтік тексеру басталды.

Айта кетейік Бахтияр Қуанышбек осыдан 1 жарым ай бұрын Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а. қызметіне тағайындалған болатын.


Наверх