Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекеттік хатшы: Ларри Кинг — Американың Сауытбек Абдрахмановы

30 Ноября 2021 14:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті қаламгер Сауытбек Адрахмановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Мәдениет, білім, ғылым ықпалдастығы және қазіргі заманғы медиакоммуникация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауытбек Абдрахманов - Тәуелсіз Қазақстанды құруға және оның руханият саласын байытуға өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтардың бірі, еліміздің Ақпарат министрі, бас басылымның басшысы ретінде жас мемлекетіміздің тарихында қалған тұлға. Сәукең жемісі мол 70 жасқа мемлекет және қоғам қайраткері, салиқалы саясаткер, қарымды қаламгер атанып, абыроймен жетті. Шығармашылығы лайықты бағаланып, мемлекеттік сыйлық иеленді. Ел-жұрттың алдында беделді халық қалаулысына айналды. Аударманың қыр-сырын, Пушкин туындыларының табиғатын зерттеп, әдебиеттанушы ғалым атанды. Сөзінің салмағы бар, ісінің өнегесі бар Сәукеңді құрметтеп, бүгінгідей халықаралық конференция өткізу өте орынды деп санаймын», - деді іс-шараны ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Қырымбек Көшербаев мерейтой иесімен саяси серіктес ретінде де еңбек жолдары қатар өрбігенін, талай қызық пен шыжықты бірге өткізгендерін атап өтті.

«Сәукең - ел ісіне ерте араласып, атқа қонған азамат. Жер жүзін шарлап, көпті көрді. Әлемнің 61 мемлекетін аралап, қызықты репортаждар мен очерктер жазды. Ол жүрген жерінде қарашаның да, ханның да тілін тапты. Көптеген мемлекет басшыларымен сұхбат құрды. Елбасынан алған сұхбаттарының өзі бір төбе. Оны тұрғыластары кейде сұхбат алудың саңлағы дейді. Әлемге әйгілі Ларри Кинг деген сұхбат жанрының майталманы болған. Біздің Сәукең де қазақтың Ларри Кингі деуге болар еді. Бірақ, бұл Сәукеңнің тақиясына тарлық етеді. Дұрысы Ларри Кинг Американың Сауытбек Абдрахмановы», - деді ол.


Наверх