Погода
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да 34 жастағы әйелге соңғы қоңырау соғылды

25 Мая 2022 17:23

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 және ЕС-164/6 түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 17 азамат үшін бүгін соңғы қоңырау соғылды. Түлектердің арасында жасы ең үлкені – 34-те, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

34 жастағы Наталья СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бүгін ол колониядағы орта білімі жоқ басқа сотталғандармен бірге «сырттай кеңес беру пунктін», яғни мектепті тәмамдады. Осыған орай түзету мекемесінде кішігірім соңғы қоңырау мерекесі өтті.

«Мұнда түспес бұрын 8 сыныптық білімім болды. Мекемеде мектепті бітіріп, аттестат алуға мүмкіндік берді. Енді колледжге түсуді жоспарлап отырмын, шаштараз-визажист мамандығын меңгергім келеді. Бостандықта мені анам, күйеуім, ұлым, 84 жастағы әжем асыға күтіп отыр. Бүгін біз үшін қоңырау сыңғырлады, тіпті мектеп бітіруші түлектің лентасын да тақтық, бәрі өзім күткендей. Алда мамандық алып, жұмыс істегім келеді. Жалпы жоспарым өте көп, өмірімде бәрі жақсы болады», - дейді Наталья.




Жалпы биыл СҚО-ның түзету мекемелеріндегі мектептерді 17 сотталған аяқтады.

«Биылғы оқу жылында орта білімі жоқ сотталған барлық азаматты оқытумен қамтыдық. Барлығы 77 жазасын өтеуші облыс мекемелеріндегі мектепте оқыды. Мекемеге түскен сотталғандар, егер оларда орта білімі болмаса, 35 жасқа дейін мектепті бітіруге міндетті, 35 жастан кейін сотталғанның қалауы бойынша мектепті тәмамдауына болады. Оқу бағдарламасында еш айырмашылық жоқ, мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін оларға аттестат беріледі. Мекеме базасында 11-сыныптан кейін сотталғандар «Петропавл кәсіптік колледжінде» тігінші, қаптаушы, плита салушы және тағы да басқа сұранысқа ие мамандықтар бойынша орта-арнайы білім ала алады. 9 және 11-сыныптардың аттестатын маусым айының соңына қарай береміз», - деді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің бастығы Қанат Сүлейменов.

Былтыр облыстың түзету мекемелерінде 46 сотталған, 2022 жылы 77 сотталған білім алды. Екі жыл қатарынан 17 сотталған мектепті тәмамдады.

Жалпы бүгінде СҚО мекемелерінде 1,5 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр.








Наверх