Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да той-томалақ тыйылмаған жағдайда демалыс күндеріне локдаун енгізілмек

28 Июля 2021 20:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада коронавируспен ауырғандар саны 1,3 есе артқан, сырқаттанғандардың жартысына жуығы Петропавлға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақта коронавирус таралуы бойынша ағымдағы жағдай туралы брифинг өтті.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, кеше облыста КВИ жұқтыруға қатысты 134 жағдай тіркелген. Оның 120-сында ауру белгісі болған.

«48-і Петропавлда, 17-сі Қызылжар ауданында, Айыртау және Шал ақын аудандарында 11 жағдайдан, Жамбыл ауданында - 10, М.Жұмабаев ауданында - 8, Ақжар және Есіл аудандарында – 7 жағдайдан, 4 жағдай Аққайың ауданында, Тайынша және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда - 3, 2 жағдайдан Ш.Уәлиханов және Тимирязев аудандарында және 1 жағдай Мамлют ауданында тіркелді. Жалпы соңғы аптада сырқаттану 656-дан 882-ге дейін 1,3 есеге өсті», - дейді Әсет Жұматаев.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, өңірде эпидемиологиялық жағдай осы қалпымен кеткен жағдайда коронавируспен ауырудың шарықтау шегі тамыз айының ортасы мен соңына келмек.

«Еліміздің бірнеше өңірі карантин шектеуін күшейтіп, демалыс күндеріне локдаун енгізіп жатыр. Біз де сол қадамға баруға мәжбүр боламыз. Халық жағдайдың ушығып бара жатқанын әлі де түсінер емес. Облыстағы мейрамханалар мен дәмханаларға телефонмен хабарластық, сенбі-жексенбіге біреуі де бос емес. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес елімізде жаназадан басқа (оның өзінде шектеулі адаммен ғана) іс-шараларды өткізуге тыйым салынған», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев.

СҚО-да мониторинг топтары өткен демалыстан бастап жаңа алгоритммен жұмысқа кірісті. Талапты бұзғандарға жаза күшейтілмек.

«Рұқсатсыз той-томалақ өткізіп жатқандардың ісін сотқа береміз. Талапты бұзған нысандардың жұмысын тоқтатамыз. Сол себепті тұрғындарды ескерткіміз келеді, босқа шығындалудың қажеті жоқ. Анықталған жағдайда барлық дайындықтарыңыз далаға кетеді», - дейді облыстың бас санитар дәрігері.

Қазір өңірде кей елді мекендерді карантинге жабу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Қазір елді мекендер бойынша ауырғандар санын анықтап жатырмыз. Бұған дейін қолданылған тәжірибені қайта енгізетін боламыз. Яғни, тұрғындар көп ауырған ауылдарда жүріп-тұру шектеледі. Бұл өз нәтижесін береді», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев.


Наверх