Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Соғысқа 18 жасында аттанған жауынгер биыл 97 жасқа толады

9 Мая 2021 08:40

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тұратын Әбдірахман Байтіков жеңістің 76 көктемін қарсы алғалы отырған қарт майдангердің бірі. Небәрі 18 жасында майданға аттанған ардагер бүгінде ағайынның ақылшысына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1924 жылы дүниеге келген ол кез қиын-қыстау ауыр кезеңді бастан өткізді. Сол уақытта небәрі жеті жылдық мектепті білім алуға қолы жетті. 1942 жылдың тамыз айында әскер қатарына алынды.

Әбдірахман Байтіков Өзбекстан арқылы Түрікменстанның Ашғабат қаласына аттанды. Алғаш келген жас сарбаздар мұнда қару-жарақты бұзып, қайта жинауды үйренді. 1943 жылдың мамыр айында ол 75-ші гвардиялық дивизияға қабылданды. Майдан даласына аттанды.

Бүгінде тоқсан төрттегі қарт майдангер соғыс салған жараны әлі ұмытқан емес. Отан үшін от кешкен жылдардағы көрген әрбір қиындық есінде.

«1943 жылдың 5 шілдесі еді. Таң алдында біздің дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Гүрс-гүрс еткен оқтың даусы, атыс-шабысқа етіміз үйреніп кеткен. Одан қорқу, қашу жоқ. Біздегі бар мақсат – жауға қарсы тұрып, жеңіске жету. Соғыс кезінде әрбір жас сарбаздың бойында осындай сезім жүрді. Олар тек майданда жеңіске жетуді тіледі. Елге аман-есен оралып, отансүйгіштік қасиетімізді болашақ ұрпаққа мақтан ету – басты қағидамыз. Алайда, осы шабуылда қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Сүйегім аман екен, тек тамырлары қиылып кеткен. Содан қолыма ота жасалды», - деді қарт майдангер.

Уақыт өз дегенін жасайды. Бұл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Госпитальдан шыққан жаралы сарбазды Новосібір қаласына жіберді. 1943 жылдың желтоқсан айында комиссияға түсіріп, 2-ші топ мүгедектігіне байланысты шешім шығарып, елге қайтарады. Соғыс салған ауыр жарақаттан 1944 жылдың басында елге оралды.

Туған жерде бейбіт еңбекке араласып, алдыңғы лектен көрінді. 1965 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Еңбек жолында есепші, бригадир қызметтерін атқарды.

«Біз жеңіске халықтар достығының беріктігімен жеттік. Сол әрқашан есімізде болуға тиіс. Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына қуанамыз. Елде тек бірлік болсын!», - деді қарт жауынгер.


Автор Әділжан Үмбет
Ключевые слова: Қызылорда облысы, Аймақ, Қоғам, Жеңіс күні,
Наверх