Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында құрылысы ұзаққа созылған 51 нысан анықталды

1 Мая 2021 03:27

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында құрылыс нормаларының 43 бұзылуы анықталып, 6,2 миллион теңгеге айыппұл салынып, жеті іс сотқа жолданған. Сондай-ақ, 51 «сақалды» құрылыс анықталып, 33 нысанның иелерімен жұмысты қайта бастау кестесі бекітіліпті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс саласындағы басты мәселелердің бірі – құрылыс сапасының дұрыс бақыланбауы десек, оны кейбір мердігерлер жұмыс құнын төмендете отырып, өз пайдаларын еселеуге тырысады. Мұндай мәселеге жол бермес үшін қандай шаралар қабылданғаны ләзім? Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, салынып жатқан нысандардың сапасына ең алдымен дұрыс әзірленбеген жобалық-сметалық құжаттама әсер етеді. Кейбір жобалаушылар құрылыс аумағына барып, мән-жаймен таныспастан, ескірген топографиялық деректерді пайдаланып жатады. Нақты іс жүзінде жергілікті геологияны саралауға көңіл де бөлмейді. Айталық, Жуалы және Байзақ аудандарындағы мектептердің құрылысы кезінде жер асты суларының көтерілгені соны көрсетеді.

Тапсырыс берушілерде жобаларды сапалы тексеруге қабілетті тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігінің салдарынан құрылыс барысында түрлі олқылықтар болып, оларды шұғыл жоюға тура келеді. Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама «Сәулет бюросы» шеңберіндегі жұмыс тобымен келісілуі керек.




Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақытылы өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Осы орайда, құрылысы жоспарланған 213 нысанның 12-сі бойынша әлі күнге конкурстары аяқталмаған.

Құрылыс материалдарына келетін болсақ, көптеген жергілікті компаниялар маусым кезінде тапсырыс көлемін еңсере алмай жатады, бұл жағдайда құрылысшылар шетелдік жеткізушілерге жүгінуге мәжбүр болады.

Сондай-ақ, басқарма басшысы бас мердігер жұмыстың толық көлемін қосалқы мердігерге беру мәселесіне назар аудартты. Заң бойынша қосалқы мердігерге берілетін көрсеткіш жобаның 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Бұл ретте мұндай дүниелер жарнамалауға жатпайды және ішкі шарттармен ресімделетіндігіне ден қойылуы керек. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар бірден бірнеше нысанды мойнына алып, жұмыс ауқымын уақытылы иегере алмай жататыны тағы бар.

МСҚБ басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, 16 тексеру қорытындысы бойынша құрылыс нормаларының 43 рет бұзылған анықталып, 6,2 миллион теңгеге айыппұл салынып, жеті іс сотқа жолданған. Сондай-ақ, 51 «сақалды» құрылыс анықталып, 33 нысанның иелерімен жұмысты қайта бастау кестесі бекітіліпті. Жыл басынан бері тиісті талаптарға сәйкес келмегендіктен 48 құрылыс-монтаждау және 15 жобалау жұмыстарын жүргізуге лицензия беруден бас тартылған.




«Тұрғындардың құрылыс сапасына, әсіресе тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға қатысты шағымдары көп. Тіпті техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің жұмысы да көңіл көншітпейді. Осы уақытқа дейін мен олардың бұзушылықтары үшін жауап бергенін көрген емеспін. Жергілікті жерге байланысты типтік жобаларды кеңірек пайдалану қажет. Нысандарды жобалауға және жалпы алғанда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бақылауды күшейту маңызды. Бізге құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың санын көбейту жолында белсенді жұмыс істегеніміз абзал. Сондай-ақ, коммерциялық тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек», - деді Бердібек Сапарбаев.


Автор Сая Сембай
Ключевые слова: Жамбыл облысы, Құрылыс,
Наверх