Погода
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Курс валют
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жұмысымның қиындығына қарамастан мамандығымнан бас тартқан емеспін- мейірбике

19 Июня 2021 18:04

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлері күні күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді. Денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолында мейірбикелердің еңбегі ұшан теңіз.

Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – медбикенің арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Медицинаның негізгі күші саналатын медбикелер сырқаттың келіп түскенінен сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады.

Сондай жандардың бірі Ардақ Қабықбаева. Ол қатерлі дертке шалдыққан балаларға қарап, бар өмірін бала денсаулығын нығайтуға арнаған маман, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының №3 онкогематология бөлімінің мейірбикесі Ардақ Қабықбаеваның айтуынша, бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі.





«Менің медицина саласында еңбек етіп жатқаныма ширек ғасыр болды. Осы сала мамандары жанына шипа іздеген адамға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, тез сауығып кетуіне барын салады. Менің ойымша, біздің елдегі медицина қызметкерлері антына адал, жұмысына мықты, ісіне жауапкершілігі мол. Жақсы маман екендері осы пандемияда анық көрінді. Осы жерде, мейірбикелердің де еңбегін ерекше атап өткім келеді. Медицина мекемелеріндегі барлық жұмыстардың 80%-дан астамы мейіргерлердің мойнында. Олар күніне 24 сағат пациенттерге қамқорлық жасайды – дәрі тамызады, таңғыштарды ауыстырады, қысымды өлшейді, температурасы мен жалпы жағдайын бақылайды, ауыр науқастарды емдейді. Олардың қамқор қолдары мен мейірімді жүрегі науқастарға операциядан кейінгі алғашқы қадамдарды жасауға, ауруларды емдеуге, өз күшіне сенуге көмектеседі «,- дейді ол.





Сонымен қатар, ол мейірбикенің бойында қандай ерекше қасиет болу керектігін айтты.

«Жалпы, медицина саласын таңдаған адамның бойында ең алдымен мейірім, төзімділік, жанашырлық болу керек деп ойлаймын. Біздің институтта балалар жатады. Сондықтан кішкентайларға ерекше қамқорлық керек. Мен пациентеріме өз балама, жақын туысыма қарағандай қараймын. Көңілдерін аулап, жақын тартып, басынан сипап отырамын. Бұл да науқас балалардың тез сауығып кетуіне ықпал етеді»,- дейді Ардақ Қабықбаева.

Білікті маман осы салаға жаңадан келген жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес.

«Қазір бөлімдегі ең үлкені менмін. Сондықтан жастардың жұмысқа тез бейімделіп кетуіне ерекше қараймын. Қолымнан келгенше барымды үйретуге тырысамын. Кезекшілікті қабылдап алғанан бастап, құжатты толтыруға дейін үйретеміз»,- дейді ол.








Оның айтуынша, жұмысының қиындығына қарамастан мамандығынан бас тартқан емес.

«Қиындықтар көп болды, қиналған сәттерім де жоқ емес. Бірақ, мен ешқашан өз қызметімнен бас тартып, мамандығымнан көңілімді суытқан жоқпын. Мамандығымды мейлінше сүйемін», - дейді №3 онкогематология бөлімінің мейірбикесі Ардақ Қабықбаева.

Ардақ Қабықбаева халыққа көрсеткен қызметі үшін бірқатар марапаттарға ұсынылған. 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының, Ақтау қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

2016 жылы «Адамдарға деген шынайы мейірімділігі мен қамқорлығы үшін» медалін алды.





Автор Алма Мұқанова
Ключевые слова: Алматы, Медицина,
Наверх